«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин: «Silk Way Star» мегажобасы тұтастай өзіміздің өнім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин: «Silk Way Star» мегажобасы тұтастай өзіміздің өнім

25.09.2017
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин: «Silk Way Star» мегажобасы тұтастай өзіміздің өнім

30-қыркүйектен бастап жаңа маусым аясында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының эфирінен «Silk Way Star» («Жібек Жолы Жұлдызы») мегажобасы эфирге шығады. Осыған орай бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Журналистер сауалына «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен «Adam Media Plus» компаниясының бас продюсері Динара Адам жауап берді.

Ауқымды халықаралық өнер додасына Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдердің жарқын жұлдыздары қатысады.

«Біз «Жібек Жолы Жұлдызы» атауы арқылы Жібек жолы бойындағы елдердің мәдениетін таныстыруды, жақындастыруды мақсат еттік. Жобаның ерекшелігі, біріншіден, идеясынан бастап тұтастай өзіміздің өнім саналады. Екіншіден, отандық телевизия тарихындағы халықаралық деңгейдегі алғашқы ауқымды жоба болғалы тұр.

Қазіргі кезде 9 елдің қатысушылары дайын екендіктерін білдіріп отыр. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, РФ Татарстан мен Башқұртстан елдері. Жоба 100 миллионннан астам аудиторияны қамтиды деп болжанып отыр», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

«Silk Way Star» жобасының тағы бір ең басты мақсаттарының бірі – еліміздің музыкалық өнерін кең тұрғыда насихаттау. Жоба концепциясына сай, шетелден келген қатысушылар белгілі бір эпизодтардан кейін әр кезең сайын міндетті түрде қазақ әндерін орындайтын болады.

«Adam Media Plus» компаниясының бас продюсері Динара Адам «Silk Way Star» - тек өз елдерінде танымал кәсіби әртістердің бақ сынайтын алаңы екенін атап өтті.  Яғни, олар «Жібек Жолының үздік әртісі» атағы үшін таласқа түсе алады. Ал, қазылар алқасының құрамына қатысушы елдердің халықаралық деңгейдегі ең танымал кәсіби әртістері мен продюсерлері кіретін болады.

Айта кетсек, «Жібек Жолы Жұлдызы» Ұлттық арнада бірнеше ай бойына аптасына бір рет көрсетілетін болады. 12 концерттен тұратын мегадоданың ақтық сайысында тек талантты әнші ғана емес, оны ұсынған ел де финал жеңімпазы болып саналады.

Телевизиялық шоудың трансляциясы жобаға қатысушы елдердің рейтингі жоғары телеарналарында көрсетіледі. Финалда жоба сайыскерлері және шақырылған жұлдыздардың қатысуымен «Qazaqstan» телеарнасының көрермендеріне үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Қазақстан атынан халықаралық тележобаға Айқын Төлепберген қатысады.

Хабарламаларға жазылу