Көші-қон саясаты туралы жаңа тұжырымдамадан не күтеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көші-қон саясаты туралы жаңа тұжырымдамадан не күтеміз?

19.09.2017

2050 жылға Қазақстандағы халық саны 25 миллионға жетуі мүмкін. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осындай болжам айтты. Қазақстанда қазір халық саны нақты қанша? Сырттан келген жұмыс күші туралы анық дерек бар ма? Қиырдағы қандастардың көші қалай жүріп жатыр? Бүгінгі басты тақырып – Үкіметте таныстырылған көші-қон саясаты туралы жаңа тұжырымдама.

Студия қонағы – Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсенбаев.

- Қазақстандағы халық санының өсімі қандай?

- Жалпы, бізде халық саны жыл сайын 300-350 мыңға адамға артып отырады. Бұл - соңғы 5-6 жылда қалыптасқан үрдіс. Негізінен халықтың өсімі табиғи өсіммен байланысты яғни, туу көрсеткіштерінің артуына байланысты жылдан-жылға халық саны артып келеді. Қазір біз 18 миллионнан астық. 2050 жылы 24 миллионға жетеміз деген болжам жасалынды. Менің ойымша, бұған негіз бар.

Егер кезеңмен қарастыратын болсақ, 90-жылдары халық өсімінің төмендегені белгілі. 2000-жылдардан бастап халық саны біртіндеп арта бастады. 2010 жылы бұл тенденция анық байқалды. Мәселен, 90-жылдардың соңында туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 16-17 болса, қазіргі уақытта – 22.

- Еліміздің қай өңірінде демографиялық өсім көрсеткіші жақсы?

- Соңғы мәлімет бойынша бірінші орында Астана мен Маңғыстау облысы. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстары. Ал, Солтүстік облыстарда туу көрсеткіші әлдеқайда төмен. Әсіресе, Қостанай, Павлодар облыстарында.  

- Бүгінгі басты тақырып - көші-қон саясаты туралы жаңа тұжырымдама. Осы жаңа жобадан нені күтеміз?

- Көші-қонның жаңа тұжырымдамасы соңғы 2-3 жылдың ішінде талқыланып келе жатыр. Былтыр оның бірінші нұсқасы қабылданды. Биыл тағы өзгерістер енгізілді. Соңғы өзгерістер сырттан келетін жұмыс күшін реттеумен байланысты болды. Бұдан бөлек, сырттағы қандастарымызға қатысты жаңашылдықтар бар. Негізгі бағыт – халық санын арттыру және де елдің ішіндегі көші-қон процестерін реттеу.

- Тамара Дүйсенова «2050 жылы еліміздегі халық саны 24,5 миллионға жетеді» деді. Министр бұл санды қандай деректерге сүйеніп айтып отыр?

- Бұл - барлық категорияларды қосқан кездегі есеп. 24 миллионға халықтың өзінің табиғи өсімі нәтижесінде жетеміз. Бізде сырттан келетін миграция бар. Бірақ, оның үрдісі қарқынды емес.

- Қазір ел нарығында сырттан келген қанша жұмыс күші бар?

- Соңғы уақыттағы миграцияны қарайтын болсақ, сырттан келгендер мен сыртқа кететіндер айырмасы теріс, яғни, кетіп жатқандардың саны келіп жатқандарға қарағанда көбірек.

- Ал, бейресми деректер не дейді?

- Сырттан келетін жұмыс күші туралы түрлі дерек бар. Әсіресе, көрші елдерден заңсыз түрде келетін жұмыс күші бар. Санына қатысты нақты дерек жоқ. Кейбіреулердің айтуынша, ол 500 мыңға дейін жетіп қалуы мүмкін.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу