Қазақ қашаннан өзбекті өз-ағам дейді. Ал, өз-ағамның ертеден айтатыны: жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың. Базары мен мазары бір қазақ пен өзбек сан ғасырдан бері тамырлас, тағдырлас халықтар. Ал, өткен аптадағы Орта Азиядағы саяси оқиғалардың ең салмақтысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың Ташкентке мемлекеттік сапары болды. Бүгінгі «Басты тақырып» осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғады. Студия қонағы – халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов.
Мемлекеттік сапардың мән-маңызына алдымен тоқталған сарапшы:
«Бұл мемлекеттік сапардың тарихи сипаты бар. Өйткені, 2013 жылдан бері стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі халықаралық жағдайды есепке алатын болсақ, екіжақты байланыстардың қарқынды дамуына қолайлы жағдайлар қалыптасып отыр. Біріншіден, Өзбекстанда билік ауысты, елдегі элита жаңадан қалыптасып жатыр. Елдің халықаралық ынтымақтастық саласындағы экономикалық даму жолын таңдау бағытында үлкен өзгерістер болатыны белгілі»,-дейді.
Сарапшы сондай-ақ, Ислам Каримов пен Шавкат Мирзиеев кезіндегі қазақ-өзбек қатынасы туралы айтып өтті.
«Жаңа жүйенің жаңа қарқынмен дамиын деп жатқан байланыстарға оң қараймын. Себебі, Өзбекстан аймағымыздағы ірі мемлекет болуымен қатар, бұл ел Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым томаға-тұйық бағытты ұстанып келді. Өзбекстандағы қазіргі ең негізгі мәселе – шекарасын әлемге ашу. Елдің либералдандыру қадамын қолдаған дұрыс»,-дейді.