Әлем экономикасын қазір қара алтынның бағасы қапаландырып отыр. Соңғы 2-3 жылда мұнай бағасы 2 есеге төмендеп кетті. Неге арзандап барады? Басты себептері неде? «Басты тақырыптың» бүгінгі қонағы – «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы Наиля Әлмұхамедова.
- Мұнайдың арзандауы кімге пайда, кімге зиян?
- Әлемдік экономиканың құрылымын қарайтын болсақ, қазіргі уақытта баламалы энергия көздері секілді салалар дамытылып жатыр. Сонымен қатар, қатпарлы мұнайды табу қолға алынуда. Мұнайдың бағасы төмендегенімен, жалпы статистиканы алып қарайтын болсақ, 2017 жылдың басынан бастап қазірге дейін мұнай бағасы 50 доллар шамасында сатылып жатыр және жақын арада қандай да бір күрт төмендеулер күтілмейді.
Мұнай бағасының төмендеуі мұнайға тәуелді емес, сандық технологиялары дамыған ірі державалар үшін қолайлы. Ал, әлі де қара алтынға тәуелді болып келе жатқан мемлекеттер үшін зиян. Егер, мұнайға баға күрт төмендейтін болса, олардың табыстары да бірден төмендейді және жалпы ішкі өнім азаяды.
- Қымбат мұнай бағасы енді келмеске кетті ме? Әлде көтерілуі мүмкін бе?
- Менің ойымша, мұнайдың бағасы осы 50 доллар деңгейінде қала береді және бағаның төмендеуіне күрт жағдайлар тумайды.
- Мұнай өнімдеріне қатысты елдің ішкі сұранысы толық қанағаттандырылып отыр ма?
- Қазақстандағы жағдайды алып қарайтын болсақ, әлі де халықтың сұранысын қанағаттандыра алмайды, себебі, біз дайын мұнай өнімдерін көрші Ресейден де, басқа да мемлекеттерден аламыз. Сондықтан, мұнай өңдеу зауыттарының ашылуы Қазақстан үшін қажет.