Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабек: Мұсылмандар мен буддистер арасындағы қақтығыс қолдан жасалып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабек: Мұсылмандар мен буддистер арасындағы қақтығыс қолдан жасалып отыр

04.09.2017

Бүгін «Басты тақырыпта» мұсылман әлемін дүрліктірген Аракан трагедиясы талқыланды. Студия қонағы - халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабек.

- Исламофобиялық күйдегі Мьянма билігі тек бүгін ғана емес, мұсылмандарға сонау 1940 жылдардан бері күн көрсетпей келеді. Осы жолғы қақтығыс та қасақана ұйымдастырылуы мүмкін бе?

- Аракандықтардың арасында содырлар, экстремистік топтар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бұл жердегі ең бастысы – қанның төгілгені және екі тараптың да өздерін ақтау позициясын ұстанып отырғандығында. Бирма үкіметінің қолында орасан әскери күш бар. Бүгінгі жүргізіп отырған саясаты өрескел құқықбұзушылық саналады.

- Этникалық мұсылман бенгалдарға неге өшпенділік бар?

- Қақтығыстың тарихи тамыры тереңде. 1940 жылдары сыртқы күштер рохинджаларға жапондықтарға қарсы тұру үшін қару-жарақ береді. Олар осыны пайдаланып буддистерге шабуыл жасады. Сондықтан, бұған дейінгі қақтығыстар салдарынан екі жақ та өзара диалогқа келісіп отырған жоқ. Мұсылмандар мен буддистер арасындағы қақтығыс қолдан жасалып отыр. Буддизм - әлемдегі ең бейбіт діндердің бірі. Буддистердің лидері Далай Лама Бирма үкіметінің саясатын сынға алып, «қақтығысты тоқтату керек» деген әлем үндеуіне қосылып отыр. Бірақ, Бирма үкіметі геосаяси серіктестерінің қолдауына сүйеніп, оған құлақ асып отырған жоқ. 

Жақын арада БҰҰ аясында белгілі шешімдер қабылданады және әскери қудалауды тоқтату үшін әлем лидерлері өз мәлімдемелерін жасап, Бирма үкіметін дұрыс саясат жүргізуге шақыруы керек.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу