Мьянма мемлекеті соңғы күндері жауыздығымен, жантүршігерлік қылмысымен мұсылман әлемінің қарғысына батты. Жабық мемлекет болғандықтан, халықаралық құқық қорғау ұйымдары да, шетел журналистері де кіре алмайды. Дегенмен, ресми дерек бойынша, Мьянма әскері 400, бейресми дерек бойынша 3000-ға жуық мұсылманды өлтірген. 100 мыңдай жан шекара асуға мәжбүр болған.
Бүгін «Басты тақырыпта» Аракан трагедиясы талқыланды. Студия қонағы - халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабек.
«Қақтығыстың бірнеше себебі бар. Ең алдымен, этникалық және діни қақтығыс. Себебі, Аракан аймағында тұратын 2 млн-ға жуық буддистер мен 1 млн-ға жуық мұсылмандардың арасында қақтығыстар соңғы жылдары қайта өршіп келе жатыр. Екіншісі, әлеуметтік-экономикалық себептер. Себебі, Аракан – елдегі ең кедей облыстардың бірі.
Мьянмаға геосасяи қолдауды Қытай көрсетіп отыр. Қытайдың мүддесі Мьянма арқылы географиялық мүмкіндіктерін кеңейту, яғни, энергетикалық коридорлар ашу және газ құбырларын тарту.
Бүгінде Мьянманың этникалық құрамы - өте күрделі. Елде 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері тұрады. Ұлтаралық қақтығыстар үлкен мәселе болып келеді. Мьянма үкіметінің саясатының салдарынан мұсылмандар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де зардап шегіп келеді. Үлкен шиеленіске әлемдік қауымдастық та үлес қоса алмай отыр», - дейді студия қонағы.
Сондай-ақ, сарапшы Мьянманың осы әскери операция арқылы рохинджа мәселесін біржола шешу туралы жоспары болуы мүмкін екенін айтады.