«Таңшолпан». Бақыт гормондары туралы не білесіз? (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Бақыт гормондары туралы не білесіз? (ВИДЕО)

29.08.2017

Адам миында көңіл-күйді, тәбетті және ұйқыны реттеп отыратын гормондар болады. Медицина ғылымы оларды «бақыт гормондары» деп атайды. Солардың бірі – эндорфин. Бұл гормон күндіз, яғни, жарық жерде көбейеді. Сондықтан әрбір күн сайын кемінде 15-20 минут серуендеуді әдетке айналдырыңыз.

Ағзадағы эндорфинның қалыптасуын глюкоза да жүзеге асыра алады. Сондықтан тәттіден, оның ішінде, қара шоколадтан бас тартпаңыз. Эндорфин әсер еткен кезде одан бөлінетін қосымша заттар адамның көңіл-күйін көтеріп, эйфорияға алып келеді.

Бақыт гормонының келесі түрі – сератонин. Дәрігерлердің айтуынша, тыныштандыратын әуен тыңдап, барынша ашық-жарқын өмір салтын ұстану осы гормонның мөлшерін ұлғайтады. Достармен араласу, тіпті сүйікті кітап оқу да мидағы эндорфин мен сератониннің бөлінуіне әсерін тигізеді.

Күйзеліс пен ашу-ызаға бой алдырған жандарда бақыт гормондары күрт азайып кетеді. Сондықтан үнемі жақсы ойларға беріліп, айналадағы сұлулықты сезіне білу маңызды. Сонда ағзадағы сератонин мен эндорфин табиғи түрде түзеледі.

Спортпен айналысу арқылы да денеде триптофан деп аталатын зат түзіледі. Ал ол сератониннің күшеюіне үлес қосады. Осының әсерінен жаттығудан кейін де көңіл-күйіңіз ұзақ уақытқа дейін көтеріңкі болады.

Қуаныш пен шаттыққа жетудің ғалымдар ұсынған жолдары осы.

Хабарламаларға жазылу