28 тамызда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиа ресурстарында жаңа маусым басталады. Жаңа маусым аясында телерадиокорпорация құрамына енетін арналар мен радиоларда ауқымды өзгерістер орын алады: ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады.
Ребрендинг барысында - «Қазақстан» корпорациясының медиаактивтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілді. Жаңа логотип – корпорация құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы іспетті жасалды. Жалпы жаңа логотип – корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын, үлкен медиа отбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді. Логотип жобасын танымал қазақстандық режиссер және дизайнер – Сәкен Жолдас дайындады.
Одан бөлек телеарналардың графикалық безендірілуі, музыкалық-топтамалары және «Қазақстан» Ұлттық арнасының ресми дауысы да өзгерді.
Жалпы ребрендингтің басты мақсаты - корпорацияның барлық медиа активтеріне тән, ұлттық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көрсететін - біртұтас танымал белгі құру.
Жаңа маусымда Қазақстан Ұлттық арнасында түрлі бағыттағы ондаған жоба көрерменге жол тартады. Атап айтсақ, «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын - «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енеді. Оған қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити - шоу жанрындағы бағдарламалар көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын - «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін - «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін - «Ене мен келін».
Сонымен қатар, эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы да орын алады: Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін - «Киелі Қазақстан», сондай-ақ, еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін - «Ұлы дала ұлағаты». Ребрендинг аясында бұрынғы бағдарламалардың да форматы өзгереді.
28 тамыздан бастап, «Қазақстан» Ұлттық арнасы - «Alma TV», «ID TV» сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы HD форматта хабар тарататын болады.