Жаңа Кеден кодексі сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетеді - Т.Сүлейменов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа Кеден кодексі сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетеді - Т.Сүлейменов

22.08.2017
Жаңа Кеден кодексі сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетеді - Т.Сүлейменов

 

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «ҚР-дағы кедендік реттеу туралы» Кодекс жобасымен таныстырды.

«Соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексін қалыптастыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізілген, ол қазір ратификациялау рәсімінен өткізіліп жатыр», - деді Т.Сүлейменов.

Жаңа Кеден кодексінің қолданыстағы кеден заңнамасынан басты айырмашылығы – кедендік реттеудің жаңа тәсілі. Жаңа реттеудің негізгі қағидасы – кеденде бизнес үдерістерді автоматтандыру.

Ақпараттық технологияларға басымдық беруден өзге, Кодексте сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін өздерінің шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін бірқатар мүмкіндіктер пайда болды.

Инвесторларға кедендік декларацияны тапсырғанға дейін тауарларды шығару мүмкіндіктері кеңейтілді. Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында инвесторлар келесі айдың 10-күнінен кешіктірмей, декларацияны тапсыру туралы өтініш негізінде тауарларды өздерімен алып кете алады. Сондай-ақ, ендігі аталған нормаға еркін қойма, еркін кедендік аймақ, қайта өңдеудің кедендік рәсімдері де бағынады.

«Осылайша, жаңа Кедендік кодекс Қазақстанға транзиттік және экспорттық әлеуетті пайдалануға мүмкіндік беретінін, сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдететінін сенімді түрде айтуға болады», - деді Т.Сүлейменов.

 

primeminister.kz

Хабарламаларға жазылу