Қоғамдық көліктерге электронды жүйенің төртінші кезеңі іске асырыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық көліктерге электронды жүйенің төртінші кезеңі іске асырыла бастады

29.07.2017
Қоғамдық көліктерге электронды жүйенің төртінші кезеңі іске асырыла бастады

Бүгіннен бастап елордадан қала маңына жүретін автобустарға жолақы төлеудің электрондық жүйесі енгізілді. Бұл туралы Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов баяндады.

«Астаналық көлік жүйесін жаңарту мақсатында қала маңындағы автобустарға жолақы төлеудің электрондық жүйесін енгізудің төртінші кезеңін іске асырып отырмыз. Оның біраз артықшылықтары бар. Жолаушылар «Astra» көлік картасын қолданады. Картаның құны - 400 теңге. 10 сапарды жүктесеңіз, 11-ші сапары – тегін. Қолданушылар қалаға келгеннен кейін картаны валидациядан өткізсе, электрондық төлем жүйесі жұмыс істейді.

Бір сағат ішінде қоғамдық немесе экспресс автобусқа тегін мінеді. Сондай-ақ, көлік картасынан басқа, жолақыны қолма-қол төлеуге болады. Бұрынғы 9 500 теңге тұратын ай сайынғы жол билеті сақталады», – деді Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы.

Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы, қала маңына қатынайтын автобустарға жолаушыларға билетті сатып алу алдыңғы есік арқылы жүзеге асады. Көлікке мінгенде картаңызды валидаторға жақындатасыз. Сапар құны «ASTRA» көлік картасынан тарифтік аймағына сәйкес болады.

Сонымен бірге жиында кейбір қоғамдық көліктердің жүру сызбасы өзгергені айтылды.

22-шілдеден бастап «Алай - Astra» көлік бекеті мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы арасында түнде №201 экспресс автобусы қатынайды. Сондай-ақ, «Көктал-2»-ге жүретін №501, «Сарыарқа» даңғылында орналасқан «Хабар» агенттігі жанындағы аялдамаға тоқтайтын №502, «Комфорт Таун» ТҮ»-ге қызмет көрсетуге арналған №503 және «Shuttle-Bus» бағдарларының жүру кестесі өзгерді. 24 шілдеден бастап №8, 10, 15, 24, 37, 303, 304 бағдарларындағы автобустардың саны өсті. 31-шілдеден №№5, 12, 17, 21, 40, 46, 50, 51, 500, 504, 506 автобустарының кестесі күшейтіледі. Бүгіннен бастап А.Байтұрсынов көшесі мен «Промышленный» кентіне қатынайтын №50 автобустың бағдары «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан «Промышленный» кентіне дейін ұзарды.

elorda.info

Хабарламаларға жазылу