Әнші Марат Омаров бағдарлама қонағы болды. Белгілі өнер иесі уақыт өтсе де, естен кетпейтін оқиғасымен бөлісті.
«Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Әрқашан жанымызда жақсы адамның болғанын қалаймыз. Ортаға көп нәрсе байланысты. Ортаң жақсы болса, өзің де биікте боласың. Бүгін бір өкінішті жағдай есіме түсіп отыр. Әлде де үмітім бар.
Біраз жыл бұрын «Балдаурен» байқауында әділқазылар қатарында отырдым. Сол байқауда жеңісті көлденеңнен келген шалғай ауылдың баласы алып кетті. Ол - қойшының жалғыз баласы Қазыбек Құрайышев деген інішек еді. Тума талант.
Қазыбек ұлттық құндылықты сақтап, ұлттық киіммен, қолындағы қамшымен «Ақсиса» әнін айтып, бәрімізді таңқалдырды. Италиядан келген әділқазы сонда маған ұсыныс жасады. «Мына бала - даланың қазағы. Италияға апарсақ, біраз жетістікке жетеді»,- деді. Мен Қазыбекті Астанаға шақыртып, біраз аралаттым. Содан балаға «Дайындал, Италияға оқуға барасың!», дедім. Грантқа тегін оқытатын болдық. Ол үйіне кетті. Сол кеткеннен хабарсыз.
Ауылға қоңырау шалып, іздедік. Кейін Қазыбектің әнші болуына ата-анасы қарсы екенін естідім. 5 жылдан кейін Қазбектің өзі келді. Оның айтуынша, ата-анасы ән айтқызбай қойған. Ауылшаруашылық мамандығымен оқу бітірген. Бірақ, өнер адамдарына қарап, сахнаға шыққысы келетінін айтты. Екеуіміз де жыладық.
Өмірде кездесетін осындай жағдайлар да болады. Сол кездегі сәттер әлі де есімнен кетпейді. Қазыбек келетін болса, қазір Италияға апарып, оқытуға дайынмын», - дейді әнші.
Бағдарлама барысында жүргізушілер Қазыбек Құрайшевпен хабарласып, оның өмірінде болып жатқан жаңалықтар туралы естіді.