«Басты тақырып» бағдарламасы бүгін «Рухани бай ұлт қана ұлы мұраттарға жетеді» тақырыбында өтті. Студия қонағы - «Республикалық радио» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек.
- Рухани жаңғыру неден басталуы керек?
- Билік басындағылар қазақ тіліне ден қоюы керек. Мұны қазір қоғам да талап ете бастады. Бір мемлекет болғанымызбен, екітілді қоғам болып өмір сүріп жатырмыз. Бір дінде болсақ та, түрлі ағымдарға бөлініп кеттік. Осыны реттеу үшін де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы септігін тигізер еді. Мақаланы тек талқылай бермей, іс жүзіне көшіруіміз керек.
- Ұлтжанды кім, ұлтшыл кім?
- Кез келген азаматтың ұлтын сүюі – парыз, елінің болашағын ойлауы ләзім. Ұлтжанды деген сөз жоқ, бұл жұмсартып айтылған, жасқаншақтықтан туған ұғым. Ұлтын сүйетін адамның анықтамасы – ұлтшыл. Қоғамға ұлтшылдар керек. Әрбір салада болуы қажет. Біз ұлтшылдармен емес, ұлтсыздармен, ұлтсыздықпен күресуіміз керек.
Ал, латын әліпбиіне көшуге қатысты студия мейманы «Дербес мемлекет ретінде бағытымыз бар және айқын. Бұл – біздің Тәуелсіз мемлекет ретінде ішкі мәселеміз. Біз шын мәнінде латын қарпіне көшпейміз, латын қарпіне ораламыз. Ол - өзіміздің жазбамыз», -деген пікірін білдірді.