Арайлым 29 жаста. Осыдан 3 жыл бұрын екінші қызын босанғанда жүрегі ауырып жатып қалған. Екінші қызы Жанеркені қарауға мүмкіндігі де болмады. Дәрігерлер оған «Дилатациялық кардиомиопатия» деген диагноз қойған. Бұл – тұқым қуалайтын дерт. Себебі, анасы да, әпкесі де осы дерттен көз жұмған.
Арайлымның да бар уайымы да - осы. «Емделемін» деп бармаған жері жоқ. Елімізге келген Түркия, Америка мамандарына да қаралған. Дәрігерлер көп созбай, жүрегін ауыстыру керек екендігін айтқан. Қазір ол донор күтіп жүр.
«Өмір сүрмейтін шығармын» деп ойладым. Бірақ, адам маңдайына жазылғанына көнеді екен. Төзесің, шыдайсың. Мына екі балам осындай белеске жетелеп келе жатыр. «Солар үшін бәрін істеймін» деп ойлаймын», - дейді Арайлым.