Алматы қаласы Медеу ауданы Алатау савхозында жол шетінде құл бұлғап, такси тоқтатып тұрған жігітті көлік қағып кеткен. Ол – 40 жаста көз жұмған Жорабек Бектұрсынұлы. Бұл оқиға 2015 жылы 30 қараша күні болған. Жорабек өсімдік майын шығаратын фирмада менеджер болып істеген. Жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан оны джип көлігінің жүргізушісі қағып кеткен. Марқұмның әкесі «қылмыскер әлі күнге дейін тиісті жазасын алған жоқ» деп күйінеді. Қария осы күнде жалғыз ұлының артында қалған үш баласын өзі бағып отыр.
«Жалғыз ұлым еді. Өзім зейнеткермін. Балам биыл 41 жасқа толар еді. Балам кетті, бірақ мен шындыққа әлі жете алмай жүрмін. Мені жүгіртіп қойды. Көптеген арыз жаздым. Астанаға жазып едім. Олар Алматыдағылар аяқтамағанша арызды қабылдамайды екен. Осы күнге дейін үш тергеуші ауысты.
Оқиға болған күні көлігі бұзылып қалған. Әйеліне «таксимен келемін» деп қоңырау шалды. Такси тосып тұрған жерінен джип көлігі қағып кетті. Баламды қағып, тоқтамай кетіп қалған. «Қағамын» деп ойламаған шығар, алайда жылдамдығы жоғары болған екен. Түсініктемеге «көрмей қалдым» деп жазған. Балам сол сәтте мерт болды.
Бір жетіден кейін екінші тергеуші келді. Ештеңе жасай алмады. Жазасын алмады. Алдында келіп, «балаларға көмек береміз» деді. Кейін қашып кетті», - дейді Бектұрсын Әшімбаев.