Моңғолиядан 25 жылдың ішінде 100 мыңдай қазақ тарихи отанына оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолиядан 25 жылдың ішінде 100 мыңдай қазақ тарихи отанына оралды

25.06.2017

Әлі сыртта жүрген қандастарымыздың жай-күйі қандай? Олар неге мұқтаж? Олардың рухани өмірінде, өнер, білімінде басқа да тұрмыс-тіршілігінде қандай жаңалық, өзгеріс бар? Бірінші студия саяси ток-шоуының бүгінгі шығарылымы осы мәселелерге жауап іздеді.   

Студия қонақтары – Моңғолияда тұратын қандасымыз, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы бөлімшесінің төрағасы Қабсаттар Омарұлы, Түркиядан келген қандасымыз, белгілі ғалым, Шоқайтанушы Әбдууахап Қара, Қытайдан көшіп келген қандасымыз, белгілі ақын Аут Мұқибек және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабай.

Хабар барысында шетелдегі қазақтардың саны мен көшіп келуі жайлы айтылды.

«Моңғолияның жері үлкен болғанымен, халқы аз. 3 миллион. Оның 160 мыңға жуығы – қазақтар. Сол қазақтардың 100 мыңға жуығы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрады.  Қалғандары Моңғолияның басқа да өңірлерінде өмір сүреді», - деді Қабсаттар Омарұлы.

Оның айтуынша, соңғы 25 жылдың ішінде 100 мыңдай қазақ тарихи отанына келген.

Ал, Түркия елінде қазіргі таңда 20 мыңдай қазақ бар. Олардың көпшілігі Стамбулда орналасқан. Сондай-ақ, Анкара, Конья, Измир, Маниса қалаларында өмір сүреді. Бұл туралы Түркиядан келген қандасымыз, белгілі ғалым, Әбдууахап Қара айтты.  

Сондай-ақ, кәрі құрлықта 4-5 мың қазақ тұратындығы және олардың ең көбі Германия елінде шоғырланғандығын атап өтті.

Қазақтардың ең көп шоғырланғаны – Қытайда.  1 542 600 қандасымыз аспан асты елін мекен еткен. Олардың басым бөлігі Іле қазақ автономиялық облысына қарасты үш аймақта өмір сүреді. Бұдан бөлек, қазақтардың бір бөлігі Гансуде және Тибет жерінде тұрады. Қытайлық қазақтар туралы мәліметтерді белгілі ақын Аут Мұқибек жеткізді.

Бұған қоса, белгілі ақын Қытайдан келіп жатқан көш мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, көш Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталған. 25 жыл уақыт ішінде Қытай елінен шамамен 150-200 мыңдай қазақ ата жұртқа қоныс аударған. Ал, қазіргі таңда көш мәселесінің жағдайы жақсы. Мәселен, 2015 жылы елге 5 мың қазақ көшіп келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 7 есеге артқан. Яғни,  33 754 қазақ көшіп келген.

 

Хабарламаларға жазылу