Қанат Ислам: Джеймс Кирклендпен келіссөздер жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Ислам: Джеймс Кирклендпен келіссөздер жүріп жатыр

21.06.2017
Қанат Ислам: Джеймс Кирклендпен келіссөздер жүріп жатыр

WBA intercontinental, WBO NABA чемпиондық белбеуінің иегері, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 9-қыркүйекте америкалық Джеймс Кирклендпен өтетін кездесуі алдында БАҚ өкілдерімен кездесті.  QAZAQ командасы өткен жекпе-жек пен ЭКСПО көрмесі аясындағы бокс кеші туралы жаңалықтармен, жоспарларымен бөлісті.

Баспасөз мәслихатына «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин және Қанат Исламның промоутері Нельсон Лопес қатысты.

«Бұл - осы жылдың ең басты спорттық оқиғаларының бірі болмақ. Қанат Исламға деген қолдау жыл сайын артып келеді. «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары Қанаттың кәсіби рингтегі алғашқы қадамдарынан бастап, тұрақты ақпараттық серіктес болып келеді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Қанат Исламның қатысуымен өтетін жекпе-жектер аудиториясы жылдан-жылға артуда. Ол тек қазақстандық көрермендер мен жанкүйерлер емес, онлайн трансляция арқылы Еуропадан, Ресейден және Қытайдан қосылып, тамашалайды. Сондықтан, қазақстандық ақпарат кеңістігінің кеңеюіне де үлкен мүмкіндік беріп отыр. «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары 9-қыркүйекте өтетін жекпе-жек түсірілімін де қамтамасыз ететін болады», - деді Ерлан Қарин.

Қанат Ислам қазіргі уақытта Джеймс Кирклендпен келіссөздер жүріп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, промоутері Нельсон Лопеспен келісімшарты туралы жоспарымен бөлісті.

«Нельсон Лопеспен жұмысты енді бастаған жоқпын. Қанат ешкім емес кезде де жұмыс істедім. Сәл танылғаннан кейін басқа жаққа кету – адамдыққа да, азаматтыққа да сын. Үлкен жекпе-жектер енді басталады», - деді боксшы.

Жаттығуларының көбін шетелде өткізетін спортшы осы жолғы дайындықты Алматы және Астана қалаларында өткізетінін айтты.

«Кәсіпқой бокстың орталығы Америка болғандықтан, екінші жағынан уақыт белдеуіне байланысты да дайындықты осы елде өткізу - тиімді. Джеймс Кирклендпен жекпе-жекке дайындық өз елімізде өтеді», - деді.  

Ал, журналистердің кәсіпқой бокстың келешегі туралы сауалына «Кәсіпқой бокста танылып жатқан жастар көп. Соларға үлгі болу, жол көрсету – мақсатымыз. Чемпион болу - оңай, оны сақтап қалу - қиын. 10 жылда қазақстандық боксшылар әлемдік кәсіпқой бокстың биіктерін бағындыратын болады. Америкада біздің  спортшыларға сұраныс көп, қызығушылық басым», - деген пікірін білдірді. 

Сондай-ақ, Қанат Ислам Кирклендтің бұған дейін Альвареспен шыққанын айтып өтті. «Ол қазіргі уақытта біз серіктестік үшін келіссөздер жүргізіп жатқан НВО телеарнасының боксшысы», - деді. 

Естеріңізге сала кетейік 27 мамырда АҚШ-та Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалесті жеңіп, екі бірдей чемпиондық титул жеңіп алған болатын. Кездесуді «Қазақстан» және «Kazsport» арналары тікелей эфирде көрсетті. Бұл - Қанат Исламның сол жекпе-жегінен кейінгі тұңғыш баспасөз мәслихаты.

Хабарламаларға жазылу