Германияның Мюнхен қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Бұл жолы Алаштың абыройын асырып, мемлекетіміздің мерейін үстем еткен «Astana polo club» шөген құрамасы. Мюнхен кубогы сарапқа салынған бәсекеде жерлестеріміз ұпай санымен қарсыластарынан басым түсті.
Халықаралық бәсекеде 5 команда өнер көрсеткен. «Astana polo club» шөген құрамасы барлық клубтардың ойыншыларымен кездесіп, ең шешуші ойында Нидерланд ойыншыларымен жолықты.
«Munich Polo Cup 2017» бәсекесінде Қазақстанның тағы бір командасы - «Almaty polo club» шөген құрамасы өнер көрсетті. Алматылықтардың қабілеті талайдың таңдайын қақтырды. Жігіттердің ойындағы ептілігі, әсіресе, ат үстінде еркін қимылдауы еуропалықтардың қызығушылығын арттырды. Содан болар, үшінші орынды сарапқа салған бәсекеде жергілікті Германия халқы «Almaty polo club» шөген құрамасына жанкүйер болды. Жерлестіріміз де жанкүйерлерді ұятқа қалдырмады.
Бүгін «Astana polo club» командасының атқарушы директоры Айдын Серікбекұлы бағдарлама қонағы болды. Ол спортшыларымыздың шетелдегі ойыны, ойынның біздің елдегі мәртебесі мен болашағы туралы айтып берді.
«Шөген ойыны - ата-бабамыздан мұра болып қалған ойын. Қазіргі уақытта ұмыт болған ат спорты түрлерінің бірі. Қазақстан шөген федерациясының тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда Алдына қойған жоспарлары мен мақсаттары бар. Оның бірі – біздің халқымызға бұл ойынның жат емес екендігін әлемдік деңгейде дәлелдеу», - дейді Айдын Серікбекұлы.