Мәулен Әшімбаев: Ақтөбе облысында бір жыл ішінде кешенді жұмыстар жүзеге асты (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев: Ақтөбе облысында бір жыл ішінде кешенді жұмыстар жүзеге асты (ВИДЕО)

04.06.2017

Ертең Ақтөбеде 18 адамның өмірін қиған лаңкестік оқиғаға тура бір жыл болады. Ал, тағы бір айдан кейін Алматыны дүр сілкіндіріп, бейбіт күнде 4 адамды жер жастандырған лаңкестік әрекетке де бір жыл толады. Тапа-тал түсте бейбіт заманда қаланың қақ ортасында оқ атылып, жазықсыз жандар қаза тапты. Біз осы лаңкестік әрекеттерден не түйдік? Қандай сабақ алдық? Қазір қаншалықты қауіпсіз, қорғалған, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз?

Бүгінгі «1 Студия» саяси ток-шоуы осы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Студия қонақтары:

      - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Мәулен Әшімбаев;

      - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вицеминистрі – Берік Арын;

      - Теолог, «Нұрлы білім» орталығының өкiлi – Рүстем Сыздықов;

      - Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы – Әлкей Марғұланұлы.

Терроризмнің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?

Мәулен Әшімбаев: «Осы бір жыл ішінде бүкіл Қазақстан бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Елбасының тапсырмасымен Астанадан 200 адамнан астам штаб құрылып, Ақтөбе облысына жіберілді. Бұл топ кешенді жұмыс атқарды. Оның ішінде әлеуметтік, денсаулық сақтау,  зейнетақыға байланысты мәселелер қаралды.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына арнайы мемлекеттік органдардың өкілдері барып жұмысты күшейтуге біраз еңбек етті. Психологтар, теологтар барды. Осындай кешенді жұмыстардың арқасында облыстағы жағдай тұрақталды. Соңғы 3-4 айдың ішінде Ақтөбе облысындағы жалпы қылмыс деңгейі 30 пайызға төмендеген. Ақтөбе облысында бір жыл ішінде кешенді жұмыстар жүзеге асты».

Хабар барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мырза да тақырыпқа қатысты өз пікірін білдірді.

Хабарламаларға жазылу