Балаңыз лагерьге бара ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаңыз лагерьге бара ма?

03.06.2017

Жаз болса, мәз болатын оқушылар «қайда демаламын?» деп алқынса, ата-аналар «баламды қайда демалдырамын?» деп ойланады. Бүгін «Мәселеде» оқушылар лагері жайлы айтылды.

Биылғы мәлімет бойынша, еліміздегі мектептердегі оқушылар саны - 2 671 000. Соның 1 655 00-і лагерьлерге жіберіледі екен. Оқушының алаңсыз демалуына ағымдағы жылы бюджеттен 4 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаражатты еліміздегі 14 мыңға жуық лагерь мен алаңдар бөліп алады. Ескере кететін жайт, 2016 жылмен салыстырғанда биыл лагерьлер саны 10 пайызға артқан.

Бұдан бөлек, биыл жазда оқушыларға арналып қосымша 2000 тілдік мектеп, 10000 шығармашылық орталық пен 14 000 туристік-спорттық ұйым жұмыс істейді.

«Мәселе» бағдарламасында сондай-ақ, баласын лагерьге жіберуге алаңдайтын ата-аналар жайлы да сөз қозғалды. Себебі, лагерьде түрлі жағдайлар болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Бурабайдағы лагерьге демалуға барған 9 жастағы қыз көз жұмған болатын. Іш құрылысына инфекция түскен баланы лагерьдегі тәрбиешілер тұмаудан емдеуге тырысқан.

Айта кетейік, мамырдың соңында Үкіметте оқушылардың жазғы демалысы талқыланған еді. Бірінші кезекте олардың қауіпсіздігі сөз болды.

Хабарламаларға жазылу