31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Ұлттық арнаның «Басты тақырып» бағдарламасы сөз қозғады. Студия қонағы – «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.
Қудалаушылық, ашаршылықтар біздің ұлттық болмысымызды өзгерте алды ма? Мұндай нәубеттер болмағанда, қазақтың қазіргі сипаты қандай болар еді?
«1929-1933 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 342 түрлі көтерілістер мен толқулар болған. Ұлы Отан соғысында «Кеңес одағы батыры» атағын алған қазақтардың саны да аз емес. Сондықтан, зұлмат жылдар қазақ халқының ұлттық рухын сындыра алған жоқ».
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы көбіне «репрессиядан көз жұмғандарды ұмытпау керек»,- дейді. Бірақ, тарихшылардың сөзінше, ол зұлмат жайлы көп құжаттар әлі де жабық. Кей мәліметтерді бүгінгі күнге дейін неге ала алмай отырмыз? Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивты неге ашпайды?
«Бұл жылдар жайлы тарихи ізденістер көп болуы керек, мәліметтер жазылуы тиіс. Этикалық жағынан сәл байсалдылық танытуды қажет ететін тұстары да бар. Дегенмен, алдағы уақытта мұның барлығы зерделенеді. Қуғын-сүргінге ұшыраған алашорда қайраткерлері, олардың әрқайсысының жеке өміріне байланысты ізденістер әлі де кенже қалып келеді», - дейді студия қонағы.
Ал, Елбасының 2000 жылдың 11 сәуірінде қол қойып бекітіп берген жобасы бойынша репрессия құрбандарының мұражай кешеніне айналуы тиіс болған Алматыдағы НКВД үйі неге жекешеленіп кетті? Бұл өз тарихымызға өзіміз тас атқандық болып саналмай ма?