Дәстүрлі әнші, термеші, жыршы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Елшібаева бағдарлама қонағы болып, өнердегі жаңалықтарымен бөлісті.
Қазіргі өнер адамдары әлеуметтік желіде белсенді. Алайда, бірі қоғамдық мәселеден бойын аулақ ұстап, өзін ғана жарнамалап жатса, екіншілері қоғамда болып жатқан мәселені талқылайды, өз пікірін білдіреді. Соның бірі – Айгүл ханым.
«Дүниеге келген соң, әр адамның ұстанымы болады. Мен өмірде, қоғамда болып жатқан дүниеге өз пікірімді қосамын.
Әншілердің екі түрі бар. Белгілі себептер бойынша әнші болып кеткен және білімді әнші. Жыраулық өнерге үлесімді қосып жүрген азамат ретінде менің жанайқайым көбінесе дәстүрлі өнерге қатысты. Сол өнердің өкілі болған соң, ол саланың қыр-сырын білемін.
Қазір дәстүрлі әнге қарағанда, эстрадалық ән жиі насихатталады. Ал, жақында Ұлттық арна ұсынған «Мен қазақпын» жобасы дәстүрлі өнерді қолға алып, қолдау танытып жатыр. Оған ризамын», - дейді әнші.