2017 жылдың 1 маусымында «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығында сағат 15:00-де «Айнаline: Сен Жұлдызсың» балалар фестивалі жеңімпаздарының концерті өтеді. Ал, «Балапан» телеарнасы аталмыш фестивальдің ақпараттық серіктесі болды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша 1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығы көрермендеріне концерт ұсынбақ. Онда осы конкурстың жеңімпаздары әнші Әли Оқапов және цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов пен оның «Smile» шоу-бағдарламасымен бірге өнер көрсетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, финалистер аталмыш шараға арналған бейнебаянға түседі. Ал, бейнебаян «Балапан» телеарнасынан және қаладағы LED-экрандардан көрсетілетін болады.
Айта кетсек, 22 сәуір мен 13 мамыр аралығында әр сенбі сайын елорданың 5-12 жас аралығында талантты өнерпаздары «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығы сахнасында өздерінің вокалдық және хореографиялық өнерлерін ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа қатысқан талапты жастардың қатары көп болғандықтан, үздігіне таңдау жасау қиынға соққан. Байқауға қатысуға 300-ден астам өнерпаз ниет білдірген, 120-дай қатысушы қазылар алдында өнер көрсетіп, тек 65 баладан құралған (құрамында топтар да бар) 24 нөмір ғана финалға жолдама алды.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерлеріне баға беріп қана қоймай, оларға қажетті пайдалы кеңестерімен де бөлісті. Тіпті кейбірі тиімді серіктестікке ие болды. Конкурс аяқталғаннан кейін қатысушылардың бірқатары телешоу түсіріліміне, маңызды шараларға, сондай-ақ, өзге мемлекеттердегі конкурстарға дайындалып жатты.
Қазылар алқасы қатысушыларды 5 негізгі критерий бойынша таңдап алды:
1. Орындаушылық шеберлік және техника;
2. Нөмірдің композициялық құрылымы;
3. Сахналылық (пластика, костюм, реквизит, орындау мәдениеті);
4. Күрделілік және репертуардың ерекшелігі;
5. Артистизм, мимика, көркем образдың ашылуы.