Рухани жаңғыру бүгін басталып отырған мәселе емес - Дархан Жазықбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рухани жаңғыру бүгін басталып отырған мәселе емес - Дархан Жазықбаев

24.05.2017

«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған қоғамдық сананы жаңғырту деген не? Қоғамдық сананы жаңғырту неден басталуы тиіс?

Бұл сауалдарға бүгін «Басты тақырыпта» философия ғылымдарының кандидаты Дархан Жазықбаев жауап берді.

Қазір ғаламда рухани жаңғыру жүріп жатыр. Әр ұлт мультимәдениеттен бас тартып, өз-өзін тануға көшті. Біз, қазақ ұлты өз-өзімізді тани алдық па?

«Бұл мәселенің қоғамда талқыланып жатқанына біраз уақыт болды. Сауалды егемендік алған жылдардан бастаған жөн. Себебі, біз ол кезде нарықтық экономикаға өттік.  Сол сәтте «ел оған дайын ба?» деген сұрақтар болды. Бірақ, Елбасы саясатының арқасында халқымыз нарықтық экономиканы меңгеріп шықты. Ол кезде де санамызға талас болды. Батыстық, шығыстық исламдық өркениеттер келіп, қоғамда күшін жүргізді. Бірақ, біз өз-өзімізді тани алдық. Сондықтан, рухани жаңғыру бүгін басталып отырған мәселе емес. Мемлекет басшысы оны өз саясатынан тыс қалдырған емес.  Оған «Мәдени мұра» бағдарламасы, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында әлемдік мұрағаттардан тарихымызға қатысты табылған құнды құжаттар дәлел. Мұның барлығы өз-өзімізді тануымыз», - дейді маман.

Ал, «қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан ұлттық код, ұлттық бірегейлік, ұлттық сана ұғымдарының түпкі мағынасы неде? Ұлттық код қазіргі қазақтың бойында бар ма?», деген сауалға студия қонағы  «Ұлттық код – рухани санадағы жиынтық, формула. Ол – тіл, сөз құдіреті, шешендік өнеріміз. Ұлттық кодты сақтау - санамыздағы осы бар нәрселерді жаңғырту. Бұл қазақтың рухани құндылығын көтереді», - деген пікірін білдірді.  

 

Хабарламаларға жазылу