Елбасының Д.Трамппен кездесуі. Қазақ басшысының бітімгершілік саясаты әлемдік деңгейде мойындалып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының Д.Трамппен кездесуі. Қазақ басшысының бітімгершілік саясаты әлемдік деңгейде мойындалып отыр

22.05.2017

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті. Әңгіме барысында екіжақты сауда-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету перспективасы талқыланды. Екі ел президенттері сондай-ақ, күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Дональд Трамп ТМД елдерінің басшылары арасында алғашқы болып Қазақ Президентімен кездесіп отыр. Бұл кездесуге қандай саяси маңыз беруге болады? «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті туралы бүгін Ұлттық арнаның «Басты тақырып» бағдарламасында айтылды.

Студия қонағы - Елбасы кітапханасы Талдау орталығының аға сарапшысы Қазбек Майгельдинов.

«Кездесудің негізгі алғышарттары бар. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Сирия мәселесін шешуде өзінің үлесін қосып отыр. Ол бойынша Астанада төрт бірдей жиын өтті. Бұған дейін де Қазақстанның Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңді шешуде рөлі болды. Елбасының бітімгершілік саясаты әлемдік деңгейде мойындалып отыр. Кездесудің маңызы осында», - дейді сарапшы.

«Ал, бұл кездесуден кейін қазақ-американ қарым-қатынасынан не күтуге болады? Қандай да бір саяси, геосаяси өзгерістер болуы мүмкін бе?», деген сауалға студия қонағы «Геосаяси өзгерістер Таяу Шығыс төңірегінде болуы мүмкін. Қазіргі таңда АҚШ пен Эр-Рияд Тегеранға қарсы коалиция құру мәселесін көтеріп отыр. Бұл болашақта Сирия мәселесінің шешілуіне үлесін қосады. Ресей, Түркия және Иран мемлекеттері бір коалиция құрып, кепіл мемлекет ретінде Сириядағы жағдайды реттеуге үлес қосып отыр. Ал, АҚШ Сауд Арабиясымен бірлесіп, Тегеранға қарсы коалициясын құра отырып бұл мәселеге кейбір өзгерістерді алып келуі мүмкін. Бірақ, ол нендей өзгеріс екені белгісіз», деген пікірін білдірді.

«Ал, Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасына келетін болсақ, 2015 жылы қараша айында АҚШ тарапынан С5+1 платформасы құрылды. Яғни, бұл Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Осы тұста Қазақстанның рөлі бұл Ауғанстанда болып жатқан мәселеге өзінің үлесін қосуы. Осы арқылы өзінің деңгейін көрсетті. Бұл болашақта екі ел арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді».

Хабарламаларға жазылу