Ертеңнен бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Қызыл алма» атты телехикая эфирге жол тартады.
Бұл туынды қазіргі қоғамда, әсіресе, әлеуметтік ортада жиі кездесетін адамдар арасындағы қарама-қайшылықтар, бір-біріне деген жылы сезімдері мен сенімдерінің жоғалуы, сатқындық, ата-ана мен бауырға деген құрметтің төмен деңгейге түсіп кеткендігі жайындағы тақырыптар қозғалады.
Оқиға желісі бойынша, туған ағасы Біржаннан қапыда айырылып қалған Рүстем бұрынғы қазақтың салты бойынша әмеңгерлікті қолға алып, жеңгесіне үйленеді. Рүстемге дүниеден ерте өткен әкесінің шеберлік өнері дарыған. Осы кәсібі арқылы нанын тауып, күнін көріп жүрген азамат. Оның қолынан шыққан сандықтары қолөнер туындысындай көркем болғанымен, жанұясының ауқатты өмір сүруіне жете бермейді. Бұл телехикаядағы кейіпкерлердің жан күйзелісі, өмір өткелдерінің сан қилы сынақтары көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық. Ең бастысы, қандай да қиыншылықтарға қарамастан, отбасын сақтап қалу, қазіргі таңда актуалды тақырыптың бірі екені сөзсіз.
Телехикая «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан дүйсенбі-жұма аралығында, сағат 21:45-те көрсетіледі.