Рысбек Қалиқұлов қызы Сабинамен Тараздың Ақшолақ станциясынан «Айтуға оңай...» бағдарламасына арнайы келді. Осыдан 8 жыл бұрын оны 4 баласымен әйелі тастап кеткен. Ол кезде кенже қызы Сабина бар болғаны 4 жаста еді. Содан бері бір хабар алып, көмек те берген емес. Рысбек жалғыз өзі ана орнына ана, әке орнына әке бола білді. Балаларының барлығын аяғынан тұрғызды. Бауыр еті балаларын өгейлік көрмесін деп қайтадан үйленген де жоқ. Ол осы уақытқа дейін қаншама ауыртпашылықты басынан өткізді, көрмеген қиындығы жоқ. Бірақ, ол сынбады. Қаншама мейірімді адамдардан қолдау көрді.
«Әйелім балаларымның кішкентай кезінде бір келіп, апталап кетіп жүрді. Содан кейін айлап кете бастады. Алматыға барып қыдырып келетін. Мен өткенді ұмытып, балаларымның болашағы үшін өмір сүргім келеді», дейді Рысбек Қалиқұлов.
Сабина қазір 7 сыныпта оқиды. Оның арманы болашақта заңгер болу. Өрімдей қыз бағдарламада анасының тастап кеткені үшін оны айыптайтынын жеткізді. «Мен анамды келетін шығар деп жүрдім. Жылдар өте берді, келіп қызым деп құшағына басатын шығар деп ойладым, бірақ келмеді. Бар қиыншылықты әкеммен көрдік», дейді Сабина.