ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келіссөздер БАӘ Үкіметінің «АльМушриф» резиденциясында өтті. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында ҚР-ның БАӘ-дегі және БАӘ-нің Қазақстандағы Елшіліктерінің қажеттілігі үшін Астана мен Әбу-Даби қалаларында жер телімдерін қайтарымсыз негізде өзара ұсыну туралы келісім, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында дипломатиялық төлқұжатқа ие азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгертулер енгізу туралы хаттама, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам ісі және вакуф жөніндегі бас агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум, «АСТАНА ЭКСПО-2017» мен «ЭКСПОДУБАЙ 2020» бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандум, Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE арасында өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында консульдық мәселелер бойынша бірлескен комиссия құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Жер үсті және су көлігі федералды агенттігі арасында халықаралық жолаушылар мен жүктерді автокөліктермен тасымалдау туралы меморандум рәсімделді.
inform.kz