2017 жылдың 9-20 қаңтары аралығында «Қазақстан» РТРК» АҚ телевизиялық жобалар бойынша өтінімдер қабылдайды.
Бағдарлама тақырыптары сан аулан: аграрлық, шағын және орта бизнес, әлеуметтік, ойын-сауықтық. Бағдарламалар эфирге аптасына бір рет шығады.
Бизнес және аграрлық сала туралы бағдарламалар демеушілердің көмегімен жасалады деп күтіледі. Жобалардың динамикасы жоғары және арасында графика болуы шарт.
Аграрлық сектор туралы танымдық тележурнал Қазақстан мен басқа елдердегі аграрлық саланы қамтиды. Онда мал шаруашылығы, жер өңдеу, шөп өсірумен қатар, аграрлық ғылымға көңіл бөлініп, сараптама жасалуы керек.
Қазақстандағы шағын және орта бизнес тақырыбындағы бағдарлама өзінің еңбекқорлығы арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізген бизнес өкілдерін мысал ретінде көрсететін жоба болуы тиіс.
Әлеуметтік тақырыпқа қатысты бағдарлама ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін баяндайды. Аталған жобалардың ұзақтығы - 15 минут.
Одан көп уақыт көңіл көтерерлік бағдарламаларға беріледі. Бір сағаттық отбасылық жоба қатысушылары бір-бірімен тартысқа түсетін жанұялық командалар болады.
Тағы бір байқау демалыс күндерінде көрсетілетін шоу бағдарламаға жарияланады. Ұзақтығы 60-80 минут болатын жобаның басты бағыты – эксклюзив. Қызықты деген оқиғалардың, жаңалықтардың эксклюзиві осы бағдарламада айтылады. Кешкі уақытта эфирге шығатын жобада әзіл мен ән, ойын мен сауық үйлесім табуы керек.
Байқауға портфолиосы бар, бұған дейін түрлі жанрда бағдарламалар түсірген, сапасы жоғары жоба дайындай алатын продюсерлік орталықтар мен студиялар қатыстырылады.
Байқауға power point форматында мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған слайдтар немесе бес минуттық бейнероликтер қабылданады. Онда бағдарламаның ұзақтығы, шығу мерзімі, мақсаты мен міндеті, құрылымы толық жазылуы керек. Сонымен қатар, бағдарламаның синопсисі немесе жобаның сценарлық жобасы тапсырылады.
Өтінімдер Астана қ., Қонаев көш., 4, «Қазақстан» телеарнасы (14 қабат) мекенжайы бойынша немесе rtrk@kaztrk.kz электронды поштасы арқылы қабылданады.
Қосымша ақпаратты 8 (717) 2 55-33-32 телефон нөмірі арқылы білуге болады.