Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір жұмысын бастады

06.12.2016
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір жұмысын бастады

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрге айналған жалпыұлттық телекөпір жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Шара барысында Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауы кесіледі. Мемлекет басшысы телекөпір режімінде нысандардағы өндірісті іске қосып, индустрияландыру аясындағы жобалар құрылысының басталуына белгі береді.

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінен 23 жоба іске қосылып немесе құрылысы басталатын болады. Олардың арасында «Алматы-Қапшағай» және «Астана-Теміртау» автомобиль жолдарын жаңғырту, «Екібастұз-Семей-Өскемен» электр желілерінің, Құрық елді мекенінде паром кешенін, Алматы сәнді аяқ киімдер өндірісін іске қосу жоспарланған.

Телекөпір аяқталған соң ҚР Президенті «Парыз» байқауының жеңімпазына Гран-при және «Алтын сапа» байқауының аясында негізгі үш аталым: «Сапа көшбасшысы», «Ең үздік индустриалдық жоба», «Ең үздік инновациялық жоба» бойынша сыйлықтар табыстайды.

 Айта кетерлігі, Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн. теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2016 жылдың 10 айында 179,2 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бергі аралықта жасалған жобалар бойынша 7,5 трлн. теңге шамасында, оның ішінде 2016 жылдың 10 айында - 1,8 трлн. теңгенің өнімі өндірілді. Орташа есеппен, Карта жобаларын іске қосу арқылы ай сайын 160 млрд. теңге сомасынан астам өнім өндірілуде.

 

Хабарламаларға жазылу