Қыстың келуімен Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап көптеген қызықтар әзірленуде. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың бақтарында және Есіл жағалауында мұз айдындары құйылып, мұз қалашықтары салынады. Ең үлкен мұз қалашығы «Хан Шатыр» СОСО маңында орналасатын болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сауда орталығының қасындағы алаңда мұз мүсіндеріне толы қалашықтан басқа, мұз айдыны, сырғанау төбешіктері, коньки мен шананы жалға беру бекеттері, шай ішіп, жылынатын орындар қарастырылатын болады.
Сондай-ақ, биыл Есіл жағалайындағы дәстүрлі мұз айдынынан бөлек, сағат түрінде безендірілген «Күн» субұрқағының қасында да коньки тебуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, Ақбұлақ бұлағында, «Жерұйық» және Президент бақтарында да мұз айдындарын құю жоспарланған.
«Арай» бағында былтырғымен салыстырғанда үлкендеу сырғанау төбешіктері жасалады. Қаладағы ең әдемі мұз айдындарының бірі осында орналасады. Бақтың жарықтандырылуы әдемі және жастардың қыдыруына лайықты. Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру бекеттері, тамақтану орындары қарастырылады», - дейді Астана қаласы Коммуналдық меншік Қоры директорының орынбасары Ғани Хасенов.
Оның айтуынша, барлық жұмыстар 20 желтоқсанға дейін аяқталады.