Әзірбайжанның Шеки шаһарында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Қазақстанның Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданды.
Жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ, Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Тұрақты Кеңестің 35-ші отырысының үйлестірушісі болу Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп, оның отырысы 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді.
Бұған қоса, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерде 2017 жыл «Молла Панах Вагифты еске алу жылы» деп жарияланды.