Елбасы: Жас ұрпақтың қуаты - Тәуелсіз Қазақстанның қуаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы: Жас ұрпақтың қуаты - Тәуелсіз Қазақстанның қуаты

01.12.2016
Елбасы: Жас ұрпақтың қуаты - Тәуелсіз Қазақстанның қуаты

Жас ұрпақтың қуаты - бұл Тәуелсіз Қазақстанның қуаты.  Бұл туралы бүгін Республикалық жастары форумында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл бас қосуға еліміздің әр түкпірінен неше түрлі мамандықтың жастары жиналып отыр. Тәуелсіздік сарайы бүгін жас қуатқа толы. Бәріміздің қуанышымыз шексіз. Жас ұрпақтың қуаты - бұл Тәуелсіз Қазақстанның қуаты, болашағы деп санаймын. Қатар келетін қос мейрам, бүгінгі Тұңғыш Президент күні қазақ қазақ болғалы, біз ел болғалы өз бетімізбен тұңғыш Елбасымызды бүкіл халық болып дербес сайлап алған елдің қуанышты күні.

Екінші қуаныш ол, әрине, алдымызда келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, ата-бабамыздың шексіз арманы орындалғаны. Еліміз қиыншылықтың бәрін көтеріп, осы заманға жетті. Қазақстанды дүниежүзінің картасына нық қойғанымыз, дәрежесін көтергеніміз, еліміздің мерейі үстем болғаны баршаларыңыздың, баршамыздың істеген ерен еңбегіміздің арқасы саналады», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі жастар қазіргі ахуалды, төңірегіміздегі жағдайды бағалай білуі керектігін атап өтті.

«Бұрын Кеңес одағының бір бөлшегі едік. Сол бөлшектен ел жасау, жұрт жасау, оның барлық керекті рәміздерін бекіту, дүниежүзіне паш ету оңай болған жоқ. Аштықтың да, жалаңаштықтың да, жұмыссыздықтың да бәрінен өттік. Бүгін әл-ауқаты орта деңгейден жоғары мемлекеттердің ішіне кірдік. Оған тәубә дейміз. Барлығымыздың еңбегіміздің арқасы», - деді Елбасы.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу