Үкіметте Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан отырыста ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҰБТ-ның жаңа форматының ерекшеліктері туралы баяндады.
Е.Сағадиевтің айтуынша, министрлік қорытынды аттестациялауды бөлу жұмыстарын жүргізген. Енді түлектер мектепті бітіру сынағын және ЖОО-ға қабылдау емтиханы ретінде ҰБТ тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестация 5 пәннен тұрады, оның 4-еуі міндетті, 1 пән - таңдау бойынша.
ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ, оның форматы өзгереді. Бұрын 5 пәннен 125 сұрақ беріліп, оның ішінен 4 пән бойынша 100 сұрақ есептелетін. Ал, 2017 жылғы ҰБТ форматында 120 сұрақ қарастырылып, барлығы есептеледі. Кейбір сұрақтардың жауабына 2 балл берілетіндіктен, ең жоғарғы көрсеткіш – 140 балға тең.
Сауалдар 5 пәннен қойылады, олардың 3-уі міндетті, 2-уі талапкер жоспарлаған ЖОО-дағы мамандыққа байланысты бейіндік пән болады. Тестілеу уақыты да өзгермейді – 3 сағат 30 минут. Өту балы да өзгерген жоқ - 50 балл.
2017 жылы ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді, сондай-ақ, түлектерге оны 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтарында қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Анықтама:
ҰБТ бейіндік пәндері 20 сауал мен оның бес түрлі жауап нұсқасынан тұрады. Сонымен қатар, түлектерге 10 тапсырма беріліп, оның көптеген жауаптарының ішінен дұрыстарын таңдау ұсынылады. Бейіндік пәндерді тестілеудегі жауаптардың бірнеше нұсқасының болуы талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты жақсы білетіндігін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бірнеше жауап нұсқасы арқылы тестілеу жауаптарды кездейсоқ белгілеуді болдырмауға көмектеседі.
primeminister.kz