Назарбаев судьялар алдындағы басты міндетті атады

21.11.2016
Назарбаев судьялар алдындағы басты міндетті атады

Сот билігі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ететін елдігіміздің берік тұғырларының бірі. Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы  қарсаңында сот билігі азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қамтамасыз ететін елдігіміздің берік тұғырларының бірі болып табылатындығын айрықша атап өткім келеді. Енді алдымызда сот жүйесінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін және оған қоғамдық сенімді арттыру міндеті тұр. Олай болса, судьялық жұмыстың алдағы шаруасы өте көп», - деді Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан судьялары алдында тұрған жоғары мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жолында судьялардың атқарып жатқан жұмыстарына зор табыс және денсаулық тіледі. Айта кетейік, съезд жұмысының басталар алдында Мемлекет басшысына электронды сот төрелігінің жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы сот билігінің қалыптасу тарихы туралы көрме таныстырылды.

Шараға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері шақырылды. Барлығы 600-ден астам делегат пен форум қонақтары қатысуда.


inform.kz 

Хабарламаларға жазылу