Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күні, яғни, теңгенің айналымға енген күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы қарашаның 13-дегі Жарлығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.
Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған - Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Сауық Тәкежанов еді.
1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8:00-де басталып, 20 қараша күні 20:00-де аяқталған еді.
Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді.
Есте болса, теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын.
Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал, ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады.
Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды.
Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен валютамыздың құны түскен жоқ.
Мәселен, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын.
Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді.
Ал, Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды.