ҚР Үкіметі отырысы барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстандағы азаматтық авиацияны дамыту жоспарлары туралы баяндады.
«Азаматтық авиация саласында соңғы бес жыл ішінде негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалуда. Жолаушылар тасымалы бойынша Қазақстан ТМД-ға мүше елдердің арасында екінші орынды иеленеді. 2015 жылы Астана мен Алматы әуежайлары қызмет көрсетілген жолаушылар саны бойынша ТМД-ға мүше елдердің ірі халықаралық әуежайларының ондығына енді.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы қызмет көрсететін 20 әуежайдың ішінен 14-інің ұшу-қону жолағы және 10 жолаушылар терминалы реконструкцияланды. Жыл соңына дейін Петропавл әуежайы терминалының реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жоспарда бар», - деп хабарлады Ж. Қасымбек.
Ол Астана әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту және Алматы маңынан хаб құру бойынша тапсырмаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, халықаралық бағыттарды және қазақстандық әуе компанияларын дамыту есебінен 2020 жылға қарай транзиттік жолаушылар ағымын үш есеге арттыру қамтамасыз етілетінін жеткізді.
«Әуе тасымалының халықаралық нарығын кезең-кезеңімен игеру мақсатында 2017 жылы Астана қаласының әуежайында «ашық аспан» енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осыған байланысты Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт және басқа да қалаларға 8 жаңа бағыт ашылады деп күтілуде», - деді министр.
primeminister.kz