Сапарбек Тұяқбаев Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сапарбек Тұяқбаев Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалды

25.10.2016
Сапарбек Тұяқбаев Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалды

ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болып Сапарбек Құрақбайұлы Тұяқбаев тағайындалды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрінiң кеңесшiсi және қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Бүгін ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болып Сапарбек Құрақбайұлы Тұяқбаев тағайындалды. Сапарбек Құрақбайұлы бұған дейін талай қызметте біліктілігімен, іскерлігімен көзге түсті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып бес жылға жуық уақыт қызмет атқарды. Сапарбек Құрақбайұлының жаңа қызметіне сәттілік тілеймін!» делінген хабарламада.

Сапарбек Тұяқбаев 1979 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша халықаралық қатынастар бакалавры, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаментінің мемлекеттік қызмет саласында заңнаманың сақталуын бақылау бөлімінің бас сарапшысы болып бастаған.

2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің үшінші хатшысы,  Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаменті ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметін үйлестіру және бақылау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Хатшылығы - Стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы, ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің кеңесшісі, ҚР Президенті Кеңсесінің кеңесшісі,  ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру  жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.

2012 жылғы ақпаннан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.

Хабарламаларға жазылу