Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 3263,6 мың тонна арпа жиналды, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Бұл көрсеткіш былтырғы өнімімен салыстырғанда, 594 мың тоннаға артық. Үстіміздегі жылы арпа 1 897,2 мың га алқапқа егілді. Қазіргі кезде 99,6 % алқап орылды. Биылғы орташа түсімділік 1 га 17,3 центнерге жетіп отыр.
Салыстыру үшін айтар болсақ, 2015 жылы түсім 1 га 13,5 центнерден келді. Сонымен қатар, республика бойынша қарақұмық жинау науқаны аяқталды.
Қорытындылай келгенде, шаруалар осы өнім түрінің 100 мың тоннасын бастырды. Түсімділік 1 га 10,1 центнерді құрады. Айта кетейік, еліміздің 7 облысында шаруалар қарақұмық егумен айналысады. Негізінде республиканың солтүстік өңірлерінде өсіріледі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов Үкімет отырысында келешекте егіс алқаптарының құрылымында айтарлықтай өзгерістер болатынын ескерткен еді. Алдағы жылдары егіс алқаптарындағы астық көлемі 2 млн. гектарға азайып, майлы дақылдар егісінің ауқымы артады.