Бүгін «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында «Көңілашар» жобасының телетүсірілімі өтті. Бағдарламада Көңілді тапқырлар алаңы (КТА) құрамаларының ұл-қыздары өнер көрсетті.
Жас өнерпаздар үздік әзілдерді сахналап, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.
Кештің арнайы қонақтары – Әділ Сламхан мен Дана Маханбаева, Тұрар Төлеутай және «Дәуір» тобы.
Ал, «Жаңа есім» айдарында көрермендер жас әнші Айдана Смаханованың орындауындағы «Еркелетші» әнін тыңдады.
Сонымен қатар, «Интерактив» айдарында залдағы көрермендердің актерлік шеберлігі сыналды.
Бағдарламаны жүргізген – белгілі пародист Олжас Сыдықбек.
Айта кетейік, «Көңілашар» жобасының телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінен көрсетіледі.