Маңғыстау жыраулық мектебі үлкен жинақпен толығып отыр. «Тіл таңбалы ақындар» деген атаумен жарық көрген 5 томдық жинақта осы өңірде туып-өскен ақын-жыраулардың өлең-жырларына орын берілген. Аталмыш кітап жақын күндері «Aktau Open Fest-2016» фестивалінің алғашқы кешінде көпшілікке таныстырылатын болады.
«Бұл еңбектің баспаға дейінгі жұмыстары кемінде 10 жыл бұрын қолға алынған»,-дейді жинақты құрастырушы ақын Әнуар Бимағамбет.
«Кітапқа жыраулар мұрасын жинақтаудың басында марқұм Жетібай Жылқышыұлы тұрды. Сондықтан, оның негізгі құрастырушысы ретінде осы кісінің атын көрсеттік. Жалпы, көптомдық жинаққа үлес қосушылар саны бірер жанашыр адаммен шектелмейді. Мұнда ұзақ жылдар бойы тұтас бір шығармашылық топ еңбек етті дегеніміз жөн. Олардың арасында Қабиболла Сыдықұлы, Светқали Нұржан, Елдос Еміл, Сұлтанбек Құдайберген, Ақылбек Өтеш секілді әдеби мұраларды жинастырушылар болды.
Көзі тірісінде Әбіш Кекілбайұлы ағамыз бен Фариза Оңғарсынова апамыз да мұраларымызды жинақтау жұмыстарына бас-көз болып отырды. Сол сияқты көне жыраулар шығармалары тарихилығын зерттеген филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілеповтің, ақын-жыраулардың тілдік ерекшеліктерін зерттеп, мәтіндік сараптама, лингво-стилистикалық, этимологиялық сипаттама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бибіайша Нұрдәулетованың да еңбектерін атап өткеніміз жөн»,-деді Әнуар Бимағамбет.
«Тіл таңбалы ақындар» жинағы Маңғыстау ақын-жыраулары шығармаларының өзіндік антологиясы іспеттес. Ол өткен ғасырларда өмір сүрген Өгізбай, Абыл, Нұрым, Ақтан ақындардан бастап, қазіргі дәуірге дейінгі 52 авторды қамтиды. Бұл -жинаққа үш ғасырдың үнін топтастыруға мүмкіндік берді. Көлемі 5 томнан тұратын жинақ 130 баспа табақ мөлшерімен дайындалды. Әзірге таралымы - 1000 дана.
Кітапта көптеген белгілі және беймәлім авторлардың шығармалары мен өмірдеректері, бұған дейін жария болмаған мұрағат құжаттары, үнжазбалар мен қолжазбалар бар. Шығармаларда кездесетін діни сөздердің мағыналары анықталып, көне түркілік, кейбір арабы-парси мәтін-cөздерге түсінік берілген.
Туындылар кез келген оқырман үшін түсінікті, жатық тілде жазылған. Рухани мұраға қызыққан адам бұл жинақтан көне сөздердің нәріне қанығып, азаттықты аңсаған арзу-арманымен таныса алады.