Қарағандыдағы «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамына қарасты «Қазмарганец» кен басқармасы бөлімшелерінде жұмыс вахталық тәсілмен жүзеге асады. Жұмыскерлер тиісінше, вахталық кенттерде 15 күн бойы тұрып, жұмыс істейді.
«Қазмарганец» кен басқармасының дәнекерлеушісі Құрал Асауов түрлі құрал-жабдықтарды, спорттық жаттығу құрылғыларын жасайды. Кәсіпорында жұмыс істеген 8 жыл аралығында шебердің қолынан 30-ға тарта құрылғы шыққан. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздікті арттыруға, қол күшін жеңілдетуге арналған құралдар мен құрылғылар және жаттығу құрылғылары бар.
Құрал Асауов сондай-ақ, көлік колоннасындағы спорт залын жаттығу құралдарымен толықтай жабдықтап шықты. Мұнда жұмыскерлер бос уақыттарын өткізеді, спортпен айналысады. Шебер жігіттің қолынан шыққан жаттығу құралдары түпнұсқадан кем емес.
«Бос отырғанды ұнатпаймын, маған барлығы қызықты. Жұмыс барысында өз әріптестерімнің жұмысын сыртынан бақылай отырып, қол күшін жақсартуға, жеңілдетуге арналған құрал-жабдықтарды жасап шығарамын. Кейде әріптестерім өздері келіп ұсыныс жасайды. Олардың тілектерін ескере келе, қажет деген құрылғыны ойлап табамын. Керек материалдарды осындағы цехтан аламын. Көбіне, металл сынықтарын пайдаланамын» ,- дейді ол.
«Қазмарганец» кен басқармасында еңбек қауіпсіздігіне үлестерін қосқан жұмыскерлер еленбей қалмайды. Айталық, кәсіпорынның I, II, III дәрежелі «Еңбекті қорғағаны үшін» төсбелгісінің алғашқы иегері де осы – Құрал.