Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын «G-20» мен дамушы елдердің арасындағы сұхбат орталығы ретінде құруды ұсынды.
«Бүгінде әлемдік экономиканы жандандыру бағытындағы сапалы шаралар ретінде жаңа индустриялық төңкеріске, сандық экономика мен инновацияға басымдық жасау ұсынылады. Бұл амалды толығымен қолдаймын. Бұл міндетті жүзеге асыру инклюзивті ұстанымда ғана мүмкін болмақ. «G-20» мен дамушы елдердің арасындағы сұхбат орталығын айқындап алу қажет. Бір нұсқа ретінде Қазақстанда құрылып, барлық қатысушылары үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын ұсынамын. Бұл алаң 140 елдің 30 мыңнан астам сарапшысының басын қосады», - деді Елбасы саммиттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді саммитке шақырғаны үшін және Ханчжоу қаласында қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
ҚР Президентінің атап өтуінше, осы жолғы «G-20» саммиті өте қиын кезеңде өтіп отыр әрі зор үміт күттіреді. Өйткені, әлемдік экономиканың өсімі, сауда көлемі, капитал қозғалысы қарқыны төмендеу үстінде. Бұл миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етуде.
«Жаңа трансқұрлықтық сауда-инвестициялық бірлестік құру ДСҰ рөлін төмендетуге және әлемдік экономиканың бөлінуіне әкелуі ықтимал. Бұл үдерістер әлемдік нарыққа ықпал ету жолындағы күрестің жаңа кезеңінің бастауы болуы да мүмкін. Жаһандық даму жүріп өтетін жол көп жағдайда барлық әлемдік қоғамдастық іс-қимылының реттілігіне байланысты», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Еске салсақ, 1 қыркүйекте Н. Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыртуымен G20 саммитіне қатысу үшін Қытайға келді.
inform.kz