Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жұмыс сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.
Кездесудің қорытындысында екі Мемлекет басшысының қатысуымен 4 келісімге қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы 2004 жылғы 17 мамырдағы ҚР-ҚХР ынтымақтастығы жөніндегі комитет құру туралы келісімге қосымшалар енгізу туралы хаттама рәсімделді. Құжатқа Қазақстан тарапынан еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Қытай тарапынан ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И қол қойды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сюй Шаоши «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын түйіндестіру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын рәсімдеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мен ҚХР Сапаға қадағалау жасау, инспекция және карантин бас басқармасының басшысы Чжи Шупин екі елдің ведомстволары арасында Қытайға Қазақстаннан экспортталатын жылқыларға қойылатын карантин және саулық талаптары бойынша және Қазақстан Республикасына Қытай Халық Республикасынан соя дақылдарын экспорттау үшін фитосанитарлық талаптар бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Сапаға қадағалау жасау, инспекция және карантин бас басқармасының арасындағы хаттамаларды бекітті.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4-5 қыркүйекте Ханчжоуда өтетін G-20 Саммитіне қатысу үшін Қытайға келді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Саммит аясында делегациялар басшыларымен келіссөздер өткізуі жоспарланған.
ҚазАқпарат