Елбасы Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті

24.08.2016
Елбасы Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты, деп хабарлады ҚР Президентінің ресми сайты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Томислав Николич Сербия Президентінің Қазақстанға былтырғы сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтың іске асырылу барысын талқылады.

Мемлекет басшысы Сербия еліміздің маңызды серіктесінің бірі болып саналатынын және бүгінде екі ел арасында түрлі экономикалық және саяси салалар бойынша толық өзара түсіністіктің орын алып отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесуіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және Сербиямен дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20 жылдығын атап өтетін кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кездесу тауар айналымын ұлғайтуға, экономикалық және саяси ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді деп үміттенемін. Біз ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс, медицина және фармацевтика салаларында ынтымақтасуға ниеттіміз. Қазақстан мен Сербияның экономикасы бір-бірін өзара толықтыра түседі. Серіктестік екі тарапқа да пайдасын тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына дауыс беру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлау кезінде елімізді қолдағаны үшін Сербия көшбасшысына алғыс айтты.

Сербия Президенті бүгінде Астана мен Белград түрлі саладағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуетке ие екендігін атап өтті.

– Біз Сербия Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты бекем ұстанымыңыз, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі біздің елдің мәдени нысандарын сақтау ісіне қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз, – деді Т.Николич.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Сербия Президентін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Хабарламаларға жазылу