4-8 шілде аралығында «Время» телеарнасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Қазақ ғылыми-зерттеу институты түсірген көпсериялы «Мәңгілік аспан астында» фильмі көрсетілді.
10 сериядан тұратын туынды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде түсірілген. Сценарий авторы және картина режиссері - Бақыт Қайырбеков.
2015 жылдың тамыз айында АҚШ-тың Вашингтон және Нью-Йорк қалаларында кинокартинаның ағылшын тіліндегі таныстырылымы өткен. Туынды нақты тарихи оқиғалар мен олардың алғышарттарын, көшпенділер тарихы мен түркі мәдениетінің құндылықтарын ашып көрсетеді. Сондай-ақ, фильм Қазақ хандығының құрылу кезеңінен бастап, Тәуелсіздікке дейінгі тарихын баяндайды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі туынды «Қазақстан» Ұлттық арнасынан 12 шілде сағат 12:30-да ұсынылады.
Сондай-ақ, 6 шілде - Астана күнінде «Дом кино» арнасында «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің көрсетілімі өткен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған тарихи-биографиялық драмада танымал қазақстандық және шетелдік актерлер Берік Айтжанов, Алдабек Шалбаев, Алтынай Нөгербек, Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Стивен Пейси ойнайды. Режиссері - Сергей Снежкин.
Фильм 8 шілдеде Астана уақытымен 19:20-да «Мир» телеарнасынан, 9-10 шілде күндері сағат 20:00-де «Время» арнасынан көрсетіледі.