1-ші маусым бүкіл әлемде Балаларды қорғау күні ретінде тойланады. Оны өткізу жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.
Алғашқы рет бұл мереке 1950 жылы аталып өтті. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.
Адамзаттың алдында тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.
Қазақстан халқы үшін де бұл күн айрықша маңызға ие. Елімізде балалар құқығын қорғауға бағытталған түрлі ұйымдар мен мекемелер жұмыс істейді. Мереке қарсаңында республиканың түкпір-түкпірінде балаларға арналған байқаулар, концерттік шаралар ұйымдастырылып, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық істер атқарылады.
«Қазақстан» РТРК» АҚ-ы да жыл сайын атаулы күнге орай түрлі байқаулар жариялауды дәстүрге айналдырған. Биыл Ұлттық арнаның «Таңшолпан» таңғы сазды-ақпараттық бағдарламасы «Таңшолпан таңдайды» байқауын ұйымдастырды. Сайысқа 10 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Талантты балалардың өнеріне көпшілік күн сайын тікелей эфир арқылы куә болуда.
Бұл үрдістен келешек ұрпақ тамырына рухани нәр беріп, олардың білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасауды мақсат еткен «Балапан» телеарнасы да қалыс қалған емес.
Телеарна жариялаған «Менің елім» атты республикалық сурет бәйгесіне 6-8 жас арлығындағы балдырғандардың жұмыстары қабылдануда. Байқау 25 мамырға дейін жалғасады.
Ендеше, жеңімпаз атануға Сенің де мүмкіндігің бар! Бәйгеден қалыс қалма, жас өрен!
«Балапан» телеарнасы 1 маусым күніне орай өзінің кішкентай көрермендеріне арнап түрлі мерекелік бағдарламалар әзірлеп жатқанын естеріңізге саламыз.