«Астана» велокомандасының көшбасшысы Винченцо Нибали «Джиро д'Италия» көпкүндігінің 20-шы кезеңінен кейін, жарыстың жалпы есебінде көш бастады.
Бұл кезеңде «Катюша» велошабандозы Рейн Таарамяэ жеңіске жетті. Екінші орында Дарвин Атапума (BMC Racing), үшінші - америкалық Джозеф Домбровски (Cannondale) келді.
Нибали көмбеге алтыншы келіп, көш бастап келе жатқан «Orica GreenEDGE» командасының спортшысы Эстебан Чавесті 52 секундқа артқа тастады.
Айта кету керек, ертең италиялық көпкүндіктің соңғы кезеңі. Ол дәстүр бойынша «достық кезеңі» деп аталады және көмбеге барлық велошабандоздар бірге келеді. Сондықтан, В. Нибалиді «Джиро д'Италия» гранд-турының 2016 жылғы жеңімпазы деп атаса да болады.
Есте болса, «Астана» капитаны В. Нибали 19-кезеңге дейін үздік үштікке де іліне алмай, сол кездегі жарыс лидері Стивен Крейсвейкке (LottoNL-Jumbo) 4 минут 43 секунд қалып келе жатқан болатын.
Екінші орында болған Эстебан Чавес «Астана» капитанынан 1 минут 43 секунд, ал үшінші орындағы Вальверде 1 минут 20 секунд озып кеткен еді. Алайда, 19-кезеңнің таулы жолдардың бірінде Нибали алға суырылып, пелетондағы сақа спортшыларды шаң қаптырды. Осылайша, Нибали жалпы есепте Эстебан Чавестен 44 секундқа қалып, екінші орынға жайғасқан болатын.
ҚазАқпарат