Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халық алдында ведомствоның 2015 жылы мәдениет және спорт саласында атқарған жұмысы туралы есеп беру кезінде қоғам өкілдерімен кездесу барысында мемлекеттік-конфессиялық байланыстар саласындағы қызметі туралы да ақпарат берді.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың үйлесімділігі саласындағы міндеттерді шешу аясында Мәдениет және спорт министрлігі дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнаманы еліміздің барлық азаматтары мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз етеді. Осыған орай халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, «E-Islam»ақпараттық-ағартушылық интернет-порталы жұмыс істейді.
Діндар азаматтардың белгілі бір санатының, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдар арасында көзқарастарын дерадикализациялау жөнінде кешенді жұмыс жүргізіледі. Бұл жұмыс «Ақниет» оңалту орталығы арқылы да іске асырылады.
«Деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін «Қауырт желі - 114» ақпараттық-консультативті орталықтың жұмысы ұйымдастырылды», - деп хабарлады министр.
Сонымен қатар А. Мұхамедиұлының ақпараты бойынша, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Зайырлылық және дінтану негіздері» міндетті факультативтік курстың үлгілік оқу бағдарламасы әзірленді, аталған бағдарлама 2016-2017 жылдардан бастап барлық жалпы білім беретін мекемелерде енгізілетін болады.