Журналистің жұмысына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ - М.Құл-Мұхаммед - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналистің жұмысына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ - М.Құл-Мұхаммед

24.05.2016
Журналистің жұмысына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ - М.Құл-Мұхаммед

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінгі демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысынан кейін 21 мамырда митинг ұйымдастыру әрекеттері кезінде журналистердің ұсталуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Журналистер жайлы айтатын болсақ, мен бұрынғы Ақпарат министрі ретінде журналиске кәсіби қызметін атқаруға кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ деп айта аламын. Нақты жағдайларға тоқталсақ, қандай заңбұзушылық болғанын білмегендіктен, қандай да бір пікір айтуға моральдық жағынан қақым жоқ», - деді Құл-Мұхаммед.

Атап өтсек, бүгінгі отырыста жер реформасы талқыланған болатын. Жиыннан кейін журналистер «Нұр Отан» өкіліне 21 мамырдағы құқық қорғау органдарының әрекетіне қандай баға беретіні жайлы сұрақ қойған еді.

«Журналистерге келсек, бұл түсінбестік болды деп ойлаймын. Аздаған түсінбестіктен кейін олар босатылды», - деп толықтырды ол.

Құл-Мұхаммед митингтерге қатысты Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжанның «Биліктің есігі ашық тұрғанда, оны қағудың қажеті жоқ. Жер тағдыры митингтерде емес, осындай ашық талқылауларда шешілуі тиіс» деген сөзін келтірді.

Естеріңізге сала кетсек, 21 мамыр күні еліміздің бірқатар өңірінде журналистер ұсталған болатын.

Хабарламаларға жазылу