«Ұлт жоспары» - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы.
«100 нақты қадам» - бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары.
Ел дамуының басты бағдары ретінде белгіленген құжаттың 41-ші қадамында мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату туралы көрсетілген.
Еліміз бойынша мүлік пен қаражатты заңдастыру рәсімі 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталған. Іс-шараның өткізілуіне Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналым үлесінің басым болуы себеп болды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 2012 жылы көлеңкелі экономиканың көлемі ІӨК-нің 19 пайызын немесе 6 триллион теңгені құраған.
Ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты мемлекет тарапынан қолға алынған мүлікті заңдастыру науқанының мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Мүлікті және қаражатты заңдастыру бұл - кірістерді жария етудің жалпыға ортақ кең көлемді акциясы қарсаңындағы маңызды қадамдардың бірі.
Ол мемлекет үшін де, ел азаматтары үшін де пайдалы болмақ: біріншіден, жеке тұлғалар қолында бар мүлкін заңды айналымға шығаруға мүмкіндік алса, екіншіден, ел экономикасына заңдастырылған капитал мен мүлік түріндегі қосымша қаражат тартылады.
Заңдастыруға қазақстандық және шетелдік үлгідегі қаражат, құнды қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес және жылжымайтын мүлік жатқызылады. Заңдастырылған мүлік жеке тұлғаның кірісі саналмайды, тиісінше жеке тұлғаға қосымша салық салынбайды.
Елімізде заңдастыру науқаны басталғалы 1 трлн теңгенің мүлкі мен қаржысы заңдастырылған.